Streak, статистика, достар — тегін баста
«Махаббаттың 40 қағидасы» — менің түсінгенім Элиф Шафактың «Махаббаттың 40 қағидасы» шығармасын оқығаннан кейін махаббатқа, адамдардың өмірімізге келуіне және адамның өз болмысын тануына басқаша қарай бастадым. Бұл кітап мен үшін жай ғана махаббат хикаясы емес, адамның рухани оянуы, Аллаға деген сүйіспеншілігі және өмірдің мәнін түсінуі туралы шығарма болды. Меніңше, кейбір адамдар біздің өмірімізге мәңгі бірге болу үшін емес, өзіміз білмейтін қырымызды ашуға, бізге жол көрсетуге және белгілі бір нәрсені түсіндіруге келеді. Руми мен Шәмстің қарым-қатынасынан осыны байқадым. Шәмс Румиге мүлде жаңа болмыс сыйлаған жоқ, керісінше, оның ішінде бұрыннан жатқан қасиеттерін оятты. Ол Румиге өзіне басқа қырынан қарауға мүмкіндік берді. Кейде бір адамның біздің өмірімізге келуі өзімізді тануымызға себеп болады. Сондықтан адамды жіберу де махаббаттың бір белгісі деп ойлаймын. Өйткені шынайы махаббат әрдайым иемденуді білдірмейді. Біреуді жақсы көру — оны міндетті түрде өзіңмен бірге қалдыру деген сөз емес. Кейде оның өміріміздегі орнын қабылдап, бірге өткен жолымыз үшін алғыс айтып, әрі қарай жіберу керек. Элла мен Азиздің оқиғасы да маған ерекше әсер етті. Менің ойымша, Элла Азизді шын сүйді. Бірақ Азизбен кездескенге дейін Элла көбіне қалыптасқан қағидалармен, міндеттермен өмір сүрді. Ол өзіне, өзінің қалаулары мен сезімдеріне жеткілікті көңіл бөлмеді. Азиз оның махаббатқа және жалпы өмірге деген көзқарасын өзгертті. Ол Эллаға бұрын байқамаған дүниелерді сезінуге мүмкіндік берді. Меніңше, кейде өмірде барлық жағдайға алдын ала дайын болу міндетті емес. Өйткені біз кейбір нәрселерді тек соларды бастан кешіргенде ғана түсінеміз. Дегенмен, Элла бір күні бәрібір өз болмысын іздер еді деп ойлаймын. Азиз оның өміріндегі өзгерістің жалғыз мүмкіндігі емес, сол өзгеріске жол ашқан адам болды. Бұл маған адамның өзін тануы үшін міндетті түрде біреудің келуі қажет емес екенін түсіндірді. Адам жалғыздықта да өзін тани алады. Жалғыз қалғанда өз ойларын, сезімдерін, шынайы қалауларын түсінуге мүмкіндік алады. Ал басқа адамдар кейде сол ішкі әлемді ашуға көмектеседі. Шығарманың маған ерекше сезіндірген тағы бір қыры — Аллаға деген махаббат. Кітапты оқи отырып, махаббаттың тек екі адамның арасындағы сезіммен шектелмейтінін түсіндім. Оның рухани мағынасы да бар. Аллаға деген сүйіспеншілік, өзіңді тану, өмірді қабылдау және жүректің өзгеруі бір-бірімен тығыз байланысты сияқты көрінді. Мен үшін махаббат әр адамға әртүрлі уақытта келеді. Оның қашан және қандай жағдайда келетінін алдын ала біле алмаймыз. Бірақ махаббаттың мәні тек біреуді кездестіруде емес, сол сезім арқылы өзіңді және өмірді тереңірек түсінуде деп ойлаймын. Азиздің қайтыс болуы маған қатты әсер етті. Оның өліміне жылағаным — Элла мен Азиздің бірге бола алмай қалғанына ғана емес, адамның өмірімізге әкелген өзгерісі мен оның өмірімізде қалу уақыты әрдайым бірдей болмайтынына да байланысты шығар. Кейбір адамдар біздің өмірімізде ұзақ қалмаса да, бізге қалдырған әсері ұзақ уақыт бойы сақталады. Қорытындылай келе, «Махаббаттың 40 қағидасы» маған махаббаттың иемдену емес екенін, адамның өзін тануы маңызды екенін және кейбір кездесулердің бізді рухани тұрғыдан өзгерте алатынын көрсетті. Менің түсінігімде, шынайы махаббат адамды өзіне тәуелді етпей, керісінше, оның ішкі әлемін тереңірек тануына мүмкіндік береді. Ал кейде біреуді жақсы көрудің өзі — оны ұстап қалуға тырыспай, оның өміріміздегі орнын жүрегімізде сақтай отырып, жіберуді үйрену.
Махаббатсыз өмір зая кеткен ғұмыр. Иләһи махаббат па, рухани ма, дүнияуи махаббат па әлде көктегі ме деп сұрама. Алуандықтан алуандық қана туады, ал махаббатқа анықтаманың, артық сөздің керегі жоқ.
Адам көп нарседен күдерін үзеді шешімі жоқ мән мағынасыз осымен бітті деп ойлайды.Ал сол бітті деген уақытта енді өзімізді тастап жібергенде жаңаша мүмкіндіктер келеді біз күтпеген тіпті біз ойламаған.Сол үшін ойымыздағы мүмкін емес деген түсінікті алып тастайық болмайды деп нық сеніммен айтқан жайттар ертең бір ақ сәтте өзгеріске ұшырайды.Махаббатың 40қағидасы кітабынан түсінген ойым осы мүмкін басты кейіпкер Элла өмірінің басын бақытсыз бастаған шығар дегенмен 40жасқа келдім дегенде күтпеген жерден өз жүрек қалауымен сүйген Әзизді жолықтырды біз қалаған нарсе сол уақытта келмеуі мүмкін бірақ ол енді келмейді болмайды деген нарсе емес